Қазақстан • 19 Наурыз, 2019

Наурыз мейрамы аясында өткізілетін іс-шаралар белгіленді

3570 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елбасы Н. Ә. Назарбаев   «Жыл басы Наурызбен бірге ызғарлы қыстың орнын шуақты көктем басып, тіршілік қайта түлейді. Бұл күні адамдар бұлақ көзін ашып, тал еккен, жоқ-жітікке жәрдемдескен. Алыс кеткен ағайын қауышқан, араз жандар татуласып, қайта табысқан» деп, Наурыздың тәлімдік әрі тәрбиелік мазмұнын ашып көрсетіп берді.

Наурыз мейрамы аясында өткізілетін іс-шаралар белгіленді

Енді заман талабына сай Наурыздың форматын түбегейлі өзгерту қажет. Наурыздың айрықша тәлім-тәрбие, қадір-қасиет беретін түрлері өте ерекше. Сондықтан, Наурыз мейрамына жаңа реңк беру үшін, адамның ұлтына, діни бағыныстылығына қарамастан, адамгершілік құндылықтарға мән бере отырып, Қазақстан халқы түгел қамтылатындай мазмұнын жасау керек.

Ел арасында «Наурыз мерекесі бұқаралық сипаттан ажырап, сахналық кейіпке еніп, аздаған жұртшылықтың қызықтауына ғана айналған фольклорлық қойылым көрінісінен аспауда» деген  пікір қалыптасты. Осы орайда Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Наурыз мерекесін жаңа форматта өткізуді ұсынған болатын.

«Мерекенің өзіне сәйкес атрибуттарын қалпына келтіріп, фольклорлық-этнографиялық ауқымнан жалпы қазақстандық мереке дәрежесіне жеткізген жөн. Мерекеде бақылаушылар болмайды, бәрі де қатысушы. Наурыз мерекесінің негізгі мағынасы: Ұлттық намыс пен рухани болмысымызды жаңғырту. Сондықтан да Наурызға іргелі ізденістер мен тарихи әрі заманауи шаралар керек» деп атап өтті.

2019 жылғы Наурыз мейрамын мерекелеуге байланысты Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі бірнеше іс-шара өткізеді.

Мәдениет және спорт министрлігінің іс-шаралар легі 13 наурыз күні «Qazaqconcert» мемлекеттік концерттік ұйымында өткен «Ұлыстың ұлы күні» атты мерекелік жобамен бастау алды.

«Ұлыстың ұлы күні» жобасының шеңберінде көрермендер ұлттық салт-дәстүрлер мен ойындардың, ақындар айтысын, халық әуендеріне құрылған ән шашу мен күй тартыс сынды ұлттық мәдениетіміздің озық үлгілері ұсынылды.

17 наурыз күні Алматы қаласында Мұхтар Әуезов театрының алдында «Ұлы даланың ұлы күні – Наурыз» атты мерекелік іс-шарамен өз жалғасын тапты.

19 наурыз күні Ұлттық музейде балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне арналған «Тұсау кесу» салтанатты рәсімі, Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығында оқушылар арасында «Тоғызқұмалақ» қазақтың ұлттық ойыны, П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің қарттар үйіндегі «Армысың, әз Наурыз» атты мерекелік концерті, К.Байсейітова атындағы Республикалық орта арнаулы мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектеп-интернатында «Армысың, әз Наурыз» халық аспаптары оркестрінің мерекелік концерті, Велосипед спортынан олимпиадалық даярлау орталығында жас спортшылардың велосипедпен жүріп өтуі өтеді.

20 наурыз күні Ұлттық  кітапханада «Қош келдің, әз Наурыз»: мерекелік ашық есік күні, «Астана Балет» театрында «Ұлы дала мұрасы» концерттік бағдарламасы, Күләш Байсейітова атындағы орта мектеп-интернатында «Наурызнама» қазақ ұлттық ойындарының түрлерінен жарыстар өткізіледі.

21 наурыз күні Ұлттық академиялық кітапханада Түркі тілдес елдер балалары костюмдерінің фестивалі, Астана опера театрында «Қош келдің, Наурыз!» мерекелік концерті өтеді.

22 наурыз күні Ә. Қастеев атындағы мемлекеттік Өнер музейінде Наурыз мерекесіне арналған жағдайы төмен отбасыларға экскурсия, Күрес түрлері бойынша олимпиадалық даярлау орталығында Ұлттық спорт түрлерінен спорттық іс-шаралар өтетін болады.

23 наурыз күні Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің ұйымдастыруымен «Наурыз сергектікке шақырады!» Көктем марафоны (Наурыз мейрамын мерекелеуге байланысты жаңа дәстүр), Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архивінде Наурыз мейрамын мерекелеу аясында ардагерлер кездесу, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ ұйымдастыруымен Қазақ мультфильмдерінің үлкен кино көрсетілімі, Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік Өнер музейінде «Музейдегі Наурыз» шығармашылық фестивалі, «Ұлттық аспаптар» мұражайында «Ұлттық аспаптар» мұражайына саяхат іс-шарасы жоспарланған.

27 наурыз күні "Астана Опера" театрында жас көрермендерге арналған Т.Бейсембековтің «Самұрық келген таң» атты жаңа музыкалық спектаклі қойылады.